Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте малдың қысқы жем-шөбін дайындау барысы қаралды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, өткен жылы 34 млн тонна шөп жиналған, бұл малды қыстан аман-есен алып шығуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 9 млн тоннадан астам шөп, сүрлем және пішендеме қоры бар.
Аманғали Бердалин ұйымдасқан мал шаруашылығы құрылымдарын жем-шөппен қамтамасыз етудің маңыздылығына, соның ішінде пішендеме мен сүрлем өндіруге ерекше назар аударды.
Бекітілген Жол картасына сәйкес биыл 3,329 млн га алқапқа мал азығы дақылдарын егу жоспарланған еді, ал көктемгі егіс қорытындысы бойынша нақты 3,349 млн гектарға егілді (жоспардың орындалуы – 100,6%).
Биыл 24,5 млн тонна шөп, 1,7 млн тонна пішендеме, 2,1 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда 3,1 млн тонна шөп дайындалды. Жем-шөп жинау жұмыстары оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қарқынды жүріп жатыр.
Бірқатар өңірлерде жем-шөп дайындау қарқыны өте төмен.
Осыған байланысты министр Айдарбек Сапаров өңірлерде жұмысты шұғыл жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан өңірлерде жоспарлардың орындалмауына жол беруге болмайды. Әкімдіктер мал азығын дайындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», – деді министр.
Сурет: Agrotrend.kz