Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Оған Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, комитеттің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.Биыл шегіртке зиянкестерінің таралуы 2,1 миллион гектар аумақты қамтиды деген болжам бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион гектарға аз. Шегірткеден қорғау шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат аясында 38 миллион гектар жерге зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жұмысқа 4342 адам тартылады.
Қазіргі уақытта кешенді қызметтерді сатып алу жүргізілуде, мердігерлермен келісім-шарттар жасалды, өңдеуге 443 бірлік бүріккіш техника тартылады.
Шегірткелердің ең көп таралуы байқалатын өңірлерде жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін облыс әкімдері орынбасарларының жетекшілігімен жедел штабтар құрылды.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы шараларды тиімді ұйымдастыру үшін іс-шаралар жоспары мен жол картасы әзірленді.
Қазіргі таңда Түркістан мен Жамбыл облыстарында шегірткемен күресуге дайындық жұмыстары басталып кетті.
Марокко шегірткелерінің дернәсілдеріне мониторингтік зерттеулер жүргізу үшін Түркістан облысына Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Абай облыстарынан мамандар жіберіледі. Өңірлерге барлығы 12 көлік жүргізушісі мен 20 аудандық бөлімшенің басшылары мен мамандары жіберіледі.
Сурет: Agrotrend.kz