«Мукинов» шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқылар өсірумен айналысады. 2022 жылы «Мукинов» ШҚ базасында «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің» жылқы шаруашылығы ғалымдарымен бірлесіп, «Бесқарағай» типті қазақ жылқы тұқымы шығарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
30 жыл бойы Шәкәрім университетінің ғылыми және консалтингтік қолдауымен ауқымды селекциялық асылдандыру жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы Бесқарағай жылқысының екі зауыттық желісін – «Шойынқара» және «Байторы» – апробациялау шаралары өткізілді, селекциялық жетістікке патенттер (№1030, 1031, 1032) алынды.
Бесқарағай типінің ерекшелігі – жылқылардың стандарттан биік, ірі, етті әрі сүтті, күшті және төзімді болуы, сондай-ақ кез келген климаттық жағдайға бейімділігі. Бұл жылқылар Қазақстанның басқа тұқымдарынан 25%-ға өнімдірек, ал 100 биеден 85 құлын алынады.
Жаңа тұқымның басы ірі, бұл жануарлардың қуатты тіс жүйесі мен шайнау бұлшықеттерінің жақсы дамуына байланысты. Мұғалжар тұқымы және қабас тұқымдарын будандастыру арқылы пайда болған Бесқарағай жылқысының салмағы жарты тоннадан асады, ал айғырлардың салмағы 700 келіге дейін жетеді.
Сурет: АШМ