Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жер ресурсын ұтымды пайдалануды бақылау жөніндегі республикалық комиссияның биылғы бірінші отырысын өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.
Отырыста ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлағандай, мемлекет меншігіне 2,1 млн гектар пайдаланылмай жатқан және заң бұза отырып берілген жерлер қайтарылды. 2026-жылы тағы да 1 млн гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.
Енді жайылымдық жерге ерекше назар аударылады. 2025 жылы әкімдіктер халықтың жалпы пайдалануына 1,3 млн гектар жайылым жерді бекітіп берді. Пайдаланылмай жатқан жерді қайтару, мал басын есепке алуды нақтылау, елді мекендердің шекарасын кеңейту мен учаскелерді резервтеу есебінен жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға дейін қысқарды.
Реттеудің негізгі құралы Жайылымдарды басқару жоспары болып қала береді. Елімізде барлығы 198 аудан бар. Алайда 2026-жылдың басында тек 157 жоспар бекітілген. Бұл даладағы жайылымдық жерді басқарудың тиімділігін төмендетеді.
Мұндағы жұмысты жеделдету қажеттігі Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырумен байланысты күшейіп, ол құжатта суландыру арқылы жаңа жайылымдық жерлерді пайдалануға беру көзделген.
Пилоттық жоба ретінде үш аудан анықталды. Онда жайылымды басқару жоспары бекітіліп, геоботаникалық зерттеулер жүргізілді. Олардың барлығында да қалпына келтіруді қажет ететін деградацияға ұшыраған едәуір үлкен жайылымдық жерлер анықталды.
Облыс әкімдіктеріне алдағы айларда қалған жоспарларды бекітуді аяқтау, шалғайдағы жайылымдарды суландыруды, инфрақұрылымды дамытуды басым бағыт ретінде қаржыландыру және айналымға жаңа учаскелерді қосуды жеделдету тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Жер ресурстарын басқару комитетіне 2026-жылы 3,5 млн гектар жайылым тапшылығы мәселесін шешуді, олардың мақсатты бекітілуін қамтамасыз етуді және тозған жерлердің жағдайын жақсартуды тапсырды.
«Біз мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске қосқанмен, жайылым жоқ болса, ол жұмыс жүрмейді. Мемлекетке қайтарылған жерді құр есепке алудан пайда жоқ. Ол жайылымға жарамды болуы керек. Жайылымды қалпына келтіру, көпжылдық шөптерді қайта егу міндеті биылдың өзінде шешілуі тиіс», — деді вице-премьер.
Сурет: Agrotrend.kz















































