Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің көптеген өтініштерінен кейін арнайы аграрлық банкті құру мүмкіндігін талқылауға дайын екенін мәлімдеген болатын. Осы мақсатта уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, салалық қауымдастықтар және «Атамекен» ҰКП өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды. Бірақ талдау нәтижелері бойынша топ Агробанк құрудың орынсыз екенін анықтады.
Мәжіліс депутаттарының Агробанк туралы сұрағына жауап бере отырып, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс тобының мүшелері сүйенген дәлелдерді келтірді.
Біріншіден, Агробанк құру оның дамуы мен басқаруына бюджет шығындарының ұлғаюын талап етеді. Сонымен қатар, барлық өңірлерде филиалдар ашуға қосымша шығындар қажет болады.
Екіншіден, барлық саладағы кредиттік портфель бір жерде шоғырланады, ал әртараптандырудың болмауы банктің қаржылық тұрақтылығын қауіпке қояды.
Мамандардың пікірінше, мамандандырылған банк халықтың депозиттерін тартуда қиындықтарға тап болуы мүмкін, бұл төмен табыстылық пен әртараптандырылмаған жоғары тәуекелдермен үйлескенде қаржылық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаражат құюды қажет етеді.
Сонымен қатар, үкіметтің пікірінше, Агробанк құру агроөнеркәсіптік кешеннің жеткіліксіз қаржыландыру мәселесін шешпейді. Сондықтан АӨК-ні қаржыландырудың қолданыстағы құрылымын Аграрлық несие корпорациясы және ҚазАгроҚаржы арқылы сақтап қалу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, елде Агробанк құру туралы даулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді және көптеген салалық сарапшылар мен агробизнес өкілдері үкіметтің көзқарасын бөліспейді. Биыл «Ауыл» партиясы сарапшылармен бірге Агробанк туралы заң жобасын таныстырып, бірінші кезеңде мемлекет 100% қатысатын қаржы институтын құруды, ал кейіннен акциялардың бір бөлігін тауар өндірушілерге бере отырып, жаңа модельге кезең-кезеңімен көшуді ұсынды.