Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, асыл тұқымды, өнімділігі жоғары мал басын жеткізу, америкалық озық генетикалық технологияларды енгізу және заманауи өндірістік тәжірибені игеру мәселелері талқыланды.
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің АҚШ-тың Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы департаменттері басшыларымен және америкалық агробизнес өкілдерімен өткізген кездесулерінде айтылды.
Кездесуде Аманғали Бердалин Қазақстанның мал шаруашылығын дамытудағы әлеуетіне тоқталды. Айтуынша, жайылымдық жерлер көлемі бойынша әлемде бесінші орынға жайғасқан Қазақстанның ( 180 млн гектар) сиыр еті мен қой етін, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруда мүмкіндігі зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, іске асырыла басталды.
Жоспар аясында малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету жүйесін нығайту, саланы қаржыландыруды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өнімді қайта өңдеу бағыттарын дамыту көзделген.
Осы ретте тараптар мал басының өсімін молайту саласында технологиялық әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды.
Сапар нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық Trans Ova Genetics, LC компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сурет: АШМ












































