Семейдегі Шәкәрім университетінің базасында қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылды. Оған Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов, Басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбеков және қой шаруашылығы саласының ғалымдары қатысты.
Өндірісті ғылыммен ұштастырмай өрге жылжу мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Ғылыми негізге сүйенбей атқарылған іс ұзаққа бармасы тағы анық. Сол сияқты қой шаруашылығын да ғылыми селекциялық жұмыстардың оң нәтижесіне икемдеп, болашағы зор сала ретінде дамыту күн тәртібіндегі мәселе. Орталықтың ашылу салтанатына жиналған ғалымдар да, сала басшылары да осы тұжырымды қуаттады.

«Өздеріңіз білесіздер, кезінде Семей облысы қой шаруашылығы саласы бойынша ең алдыңғы қатардағы аймақ болатын. Кейін облыс мәртебесінен айырылғаннан кейін саланың тұралап қалғаны мәлім. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен қой шаруашгылығын дамытудың стратегиялық құжаты әзірленді. Мына бастама дер кезінде қолға алынып отыр. Жоғары өнімділікке ғылымсыз қол жеткізу мүмкін емес. Қазір қой шаруашылығымен айналысатындар өз беттерінше жұмыс істеп жатыр. Гиссар және басқа да қой тұқымдарын әкеліп, жергілікті қоймен будандастырып, жаңа тұқым шығаруға талпынып жүр. Бірақ мұның ғылыми дәлелі жоқ. Өнімділігі жоғары, сапалы қой тұқымын қалыптастыру ұзақ жылдарды талап етеді. Осы ашылып отырған слекциялық орталық Абай облысы өңірінің, республикамыздың қой шаруашылығы бағытын дамытуға үлкен үлес қосатын ортаға айналады деп сенеміз», — деді облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов.
Жаңа орталықтың ғылыми базасы заманауи технологиялармен жарақталған. Ашылу салтанатына жиналған қонақтар орталықтың жұмыс жүйесімен толық танысып шықты. Мұнда саланың іргелі ғалымдары, ғылыммен айналысуға, қой шаруашылығының слекциясын жасауға дайын жас мамандар да жұмылдырылған. Ардагер ғалымдар ақ батасын беріп, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі болуы тиіс екенін айтқан болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі ретінде бүгінгі орталықтың ашылуы – ғылым мен өндірістің нақты тоғысуының жарқын үлгісі болмақ.
Сурет: Agrotrend.kz
















































