Жарма ауданының Бірлік ауылдық округінде «Асыл Түлік KZ» ЖШС-нің 600 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Асыл Түлік KZ» ЖШС директоры Ерік Турдин қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жобаның өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызына тоқталды.
«Бүгін біз облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды инвестициялық жобаның басталуына куә болып отырмыз. Жарма ауданының Амангелді ауылында «Асыл Түлік KZ» ЖШС-нің заманауи, жоғары технологиялық тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталғанына қуаныштымыз. Бұл жоба өңір экономикасының дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді деп сенеміз. Аталған жоба Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Бұл бағытты дамыту – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым міндеттердің бірі. Бүгінде облысымызда мал шаруашылығы негізінен ет бағытында дамып келеді. Ал сүт өндірісі мен оны өңдеу саласында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қазіргі таңда өңірде жалпы өндірістік қуаты жылына 17,1 мың тоннаны құрайтын 5 шағын сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Алайда олардың өнімдері облыс халқының сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің шамамен 10 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Бұл ретте бүгін құрылысы басталып отырған тауарлы-сүт фермасының маңызы ерекше. Бұл жоба өңірдегі сүт шикізатының көлемін арттырып қана қоймай, қолданыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге, жалпы саланың өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.
Жобаның жалпы құны – 5,8 млрд теңге. Оның аясында жалпы сыйымдылығы 600 бас болатын заманауи тауарлы-сүт фермасы салынады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 2,4 мың тоннаны құрамақ.

Сүт фермасының құрылысына 1,65 млрд теңге қаржы жұмсалады. Қаржыландыру толығымен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – сүт өндірісін дамыту, мал басын көбейту және тұрақты жем-шөп базасын қалыптастыру арқылы өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру.
Сурет: облыс әкімдігі












































