2026 жылдың 10 айында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 7,5%-ды құрады. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 2023 жылғы 90%-дан 2025 жылы 70%-ға дейін төмендеген. Биыл бұл көрсеткіш 63%-ды құрап, жыл соңына дейін 60%-ға дейін азайту көзделген.
Мұндай оң динамикаға мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алу бағдарламалары ықпал етуде. Есепті кезеңде лизингке алынған комбайндар саны 21%-ға, тракторлар 16%-ға артқан. Сатып алынған техниканың 95%-ы – отандық өндіріс өнімі.
Сонымен қатар, елімізде ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі де өсіп келеді. Жылдың 10 айында «АгромашХолдинг KZ» АҚ 1 233 трактор өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 9%-ға арттырды. Ал Kazrost Engineering LTD компаниясы 262 комбайн шығарып, өсімді 72%-ға жеткізді.
Сурет: Agrotrend.kz












































