«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие копорациясы» АҚ Абай облысының филиалы жемісті жұмыс істеп келеді. Ашылғанына биыл төрт жыл толып отырған филиал осы уақыт ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қолдаудың маңызды тетігіне айналды. Облыстың агроөнеркәсіп кешеніне жалпы сомасы 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Әсіресе аймақ фермерлері көктемгі көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала 2» бағдарламасының игілігін көріп отыр.
Мәселен, 2026 жылғы егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын сәтті жүзеге асыру үшін облыстың 199 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне жалпы сомасы 13,7 млрд теңге қаржы берілген. Осы қаржыландырудың нәтижесінде 130,8 мың гектар егіс алқабы қамтылған. Бұл көрсеткіш өңірдегі егін егетін фермерлерді ерте қаржыландырудың арқасында іске асқан.
Ең маңыздысы, өткен жылмен салыстырғанда өсім жоғары. Қаржыландырылған шаруашылықтардың саны 16%-ға, қаржыландыру көлемі 52%-ға, ал қаржыландырумен қамтылған егіс алқаптарының көлемі 30%-ға артқан.
«Менің ойымша, бұл көрсеткіштер бағдарламаның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді. Фермерлер үшін қаржының уақтылы берілуі – көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуге, егін жинау науқанын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге және жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы маусымын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді», деп атап өтті «Аграрлық несие копорациясы» АҚ Абай облысы филиалының директоры Берік Нұрмағамбетов.

Филиал директорының айтуынша, келесі егін егу маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. 1 қазаннан бастап 2027 жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылданып жатыр.
«Қазіргі біздің басты міндетіміз – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңа маусымға алдын ала дайындалуларына мүмкіндік беру үшін уақытылы әрі қолжетімді қаржыландыру жұмыстарын қамтамасыз ету», — деді филиал директоры.
Абай облысының Бесқарағай ауданы өсімдік шаруашылығымен айналысатын өңір. Мұндағы «BA AgroGroup» ЖШС Аграрлық несие корпорациясынан «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы несие алып, 20 мың гектарға егін еккен. Оның 5 мың гектары бидай, 15 мың гектары күнбағыс. Бұдан бөлек Бородулиха, Жаңасемей аудандарында да егіс алқаптары бар. Мал шаруашылығын қатар жүргізіп отырған компания сүт және ет өнімдерін өңдеумен де айналысады.

«Біз Аграрлық несие корпорациясымен жылда жұмыс істейміз. Қаржыны уақытында береді, филиалда өз қызметтерін жақсы білетін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Барлық процесс жылдам жасалады. Несие рәсімдегенде көп уақыт жоғалтпаймыз. Корпорацияның ерте қаржыландыру механизмі бізге өте қолайлы. Тұқымды, тыңайтқыштарды, дизель отынын қыс мезгілінде арзан бағаға сатып алып қоямыз. Осы корпорацияның қаржылай қолдауының арқасында егінімізді уақытында егіп, жұмысымызды жүйелі жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта суармалы егіс алқабын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір 1 200 гектар суармалы егістігіміз бар. Жыл сайын 400 гектар суармалы жерді айналымға қоспақшымыз», — деді «BA AgroGroup» ЖШС директоры Талғат Аубакиров.

Айта кетейік, «Кең дала 2» егін егетін фермерлерді қаржылай қолдайтын еліміздегі ең тиімді бағдарлама. Осы күнге дейін мыңдаған шаруа қаржылай қолдаудың арқасында аяғынан тұрып, өнімді еңбек етіп келеді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% ғана. Бұл мемлекеттің отандық фермерлерге көрсетіп келе жатқан қолдауы. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғаса береді. Келесі жылғы егін егу маусымына қаржы қажет деген фермерлер Аграрлық несие корпорациясының әр облыстағы филиалына барып, өтінім бере алады.












































