Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте аймақтағы күзгі жиын-терім жұмыстарының барысы қаралды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл облыс бойынша жиналатын егіс алқабы 790,9 мың гектар. Оның ішінде 368,7 мың гектар – майлы дақылдар, 275,6 мың гектар – дәнді дақылдар, 5,5 мың гектар – картоп, 5,5 мың гектар – көкөніс және бақша дақылдары, 135,6 мың гектар – жем-шөп дақылдары.
Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес бидай алқабы 22,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар көлемі 29,3 мың гектарға ұлғайды.
“3 қыркүйектегі жедел дерек бойынша облыста 129,7 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл дәнді дақылдар алқабының 47,1 пайызын құрап отыр. 136,4 мың тонна астық орылып, орташа өнімділік гектарына 10,5 центнерден айналды. Сондай-ақ 1,4 мың гектардан 29,8 мың тонна картоп, 2,3 мың гектардан 59,3 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары жиналды. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да жалғасуда. 3 қыркүйектегі жағдай бойынша 888,7 мың тонна шөп, 16,5 мың тонна пішендеме, 13,1 мың тонна сүрлем, 32,1 мың тонна сабан және 35,8 мың тонна шоғырланған жем дайындалды”, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев.

Жиналған өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 173 мың тонна болатын 3 лицензияланған элеватор және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 870,9 мың тонна өнім сақтайтын астық қоймалары бар. Қолда бар сақтау қуаттары болжамды өнім көлемін қабылдауға жеткілікті.
Биыл дәнді дақылдардың жалпы түсімі 289,4 мың тонна, майлы дақылдар өнімі 530,9 мың тонна болады деп болжануда. Күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна дизель отыны бөлінген. Егін жинауға 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ, барлығы 7 мың техника тартылған. Биыл фермерлер 361 заманауи техника сатып алып, техника паркін жаңарту деңгейі 4,1 пайызға жеткен.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына, аудан және қала әкімдеріне арзандатылған дизель отынын шаруашылықтарға уақтылы жеткізуді тұрақты бақылауда ұстап, егін жинау жұмыстарын агротехникалық мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Жалпы, егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дегенмен, бүгінгі талқылаудан көріп отырғанымыздай, бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет. Бірінші кезекте, егін жинау қарқыны төмен аудандарға ерекше назар аудару керек. Әрбір аудан бойынша нақты жағдай сараланып, егінді жинаудың белгіленген агротехникалық мерзімдерден кешігуіне жол берілмеуі тиіс. Екіншіден, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі толық бақылауда болуы қажет. Дизель отынының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне уақытылы жеткізілуі егін жинау жұмыстарының үздіксіздігіне тікелей әсер етеді. Үшіншіден, техника мен еңбек ресурстарының жеткіліктілігін алдын ала қамтамасыз ету қажет. Қажет болған жағдайда техникасы жеткілікті аудандар мен шаруашылықтардан тиісті қайта бөлу жұмыстарын ұйымдастыру керек. Төртіншіден, жиналған өнімді сақтау және өткізу мәселелері алдын ала шешілуі тиіс. Егінді жинап алғаннан кейін оны сақтайтын орын немесе өткізу мәселесі туындамауы керек. Жалпы, биылғы егін жинау науқанын сапалы әрі уақтылы аяқтау – ауыл шаруашылығы саласының ғана емес, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты», – деді Берік Уәли.
Сурет: облыс әкімдігі












































