Түркістан облысының Сауран ауданында 5 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде, ал оның жанында 30 шағын бордақылау кешені орналасады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Түркістан ет өнімдері» ЖШС-нің құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 5 мың бас ірі қара мал кешені Ескі Иқан ауылдық округінде салынып жатыр. Сондай-ақ, нысанда қуаттылығы тәулігіне 120 бас мал союға арналған өндірістік алаң, жұмыскерлерге арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және ілеспе инфрақұрылым объектілері болады.
Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттың құрылысы 80%-ға аяқталды, бордақылау алаңында және мал сою пунктінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, кешеннің жанында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру жоспарлануда. Жоба толық іске асқанда 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаның басты ерекшелігі — бордақылау алаңдарының бірыңғай кластерге шоғырлануы. Бұл тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмыс процесін жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сурет: облыс әкімдігі












































