Қазақстанда ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологиясын енгізуді қолдауға бағытталған кешенді бағдарлама әзірленеді, деп хабарлады primeminister.kz. Құжат суару инфрақұрылымын дамыту, шаруаларды қаржылай қолдау және отандық жабдықтар мен материалдарды пайдалануды ынталандыру шарасын біріктіреді. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин суармалы егіншілікті дамыту мәселесі жөніндегі кеңесте тиісті тапсырма берді.
Бағдарлама заманауи суару жүйелерін енгізудің барлық кезеңін – су көзінен бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің шаруашылығында жабдықты орнатуға дейінгі үдерісті қамтиды. Бағдарлама аясында жаңбырлатып суару машиналарын, суару қондырғылары мен өзге де қажетті инфрақұрылымды сатып алуға жеңілдікпен қаржыландыру тетігі көзделеді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, өсірілетін дақылдың ерекшелігі мен күтілетін экономикалық тиімділікті ескеретін егіншілік жүргізудің қаржылық моделі әзірленеді. Мемлекеттік қолдау көрсету кезінде отандық өндірістегі техника мен жабдыққа басымдық беру жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінде елімізде 1,6 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы суарылады. Оның 57%-ы жерүсті әдісімен, 36%-сы су үнемдеу технологиясымен және 7%-ы үздіксіз су толтыру әдісімен суарылады.
Елімізде жаңбырлатып суару техникасын шығаратын отандық 7 өндіруші бар: үш кәсіпорын Түркістан облысында, екеуі Астанада, біреуі Алматыда және бірі Атырау облысында орналасқан. Сонымен қатар Lindsey, Valley және Bauer әлемдік брендтерінің техникасын өндіруді жергіліктендіру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл егіншілерді заманауи жабдықпен қамтамасыз етуді арттыруға мүмкіндік береді.
2030 жылға қарай суармалы жердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін арттыру жоспарлануда.
Сурет: Agrotrend.kz












































