Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасымен бірлесіп, әйгілі қазақстандық Апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін осы бірегей сұрыптың жаңа екпелерінің аумағы тағы 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 110 гектарға жетпек.
Апорт сұрпын кең ауқымда қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болды.
2006–2011 жылдар аралығында Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Сиверс алмасы мен Апорт сұрпын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар жүргізді.
Зерттеу нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма ағаштарының популяцияларынан 30 түрлі үлгі жиналды.
Іріктеліп алынған Апорт клондарынан зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алынды.
Осы көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. 2025 жылы институттың Талғар өңірлік филиалында 10 гектар аумақта жаңа бақ жайқала бастады.
Қазіргі уақытта мамандар алдағы 100 гектар жерге алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындап жатыр.
Сурет: АШМ












































