Шығыс Қазақстан облысында «Altyn Shyghys» серіктестігінің Предгорное ауылындағы май зауытының базасында, өсімдік майын рафинациялау және дезодорациялау бойынша заманауи цехтың құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жобаны іске асыруға салынған инвестиция көлемі 5 млрд теңгеден асады. Негізгі технологиялық жабдықтар толықтай орнатылып, іске қосу және баптау жұмыстары жүргізілуде.
Нысанның құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 160 мың тоннаға дейін рафинацияланған өсімдік майын және тамақ өнеркәсібінде және басқа да салаларда кеңінен қолданылатын 1,3 мың тонна лецитин өндіре алады.
Жобаны жүзеге асыру ел ішіндегі майлы шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалануға, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге және 49 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сурет: облыс әкімдігі













































