Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Абай облысында жүр. Үкімет басшысының орынбасары облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округіндегі «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында салынып жатқан ет комбинатының құрылыс алаңында болды. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіру. Өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 100 бас ірі қара мал, 1000 бас ұсақ мал союға, 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы өндірістік қуаттылығы – 11 400 тонна дайын өнім.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 130 жұмысшы мен 20-дан астам техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех және қазандық бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстың 75 пайызы аяқталды. Осы аптада құрылғыларды орнату жұмыстары басталады. Сонымен қатар бас жоспарға сәйкес ғимарат сыртында автотұрақ жасалатын болады. Ет комбинатының болашақтағы жұмыс процесі туралы айтсақ, былтырдан бері бірқатар мал бордақылау алаңдарының иелерімен келісім-шарт жасалды», – дейді ет комбинатының директоры Қанат Қалиев.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ет комбинатының өңір экономикасы үшін маңызы зор жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сурет: облыс әкімдігі













































