Ақтөбе облысында екі жыл ішінде 107 ветеринариялық пункт, үш модульдік ветеринариялық станция және 57 типтік мал қорымы салынады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
«2026 жылы үш модульдік ветеринариялық станцияны сатып алу және орнату, 77 ветеринариялық пункт пен 28 типтік мал қорымын салу жоспарланған», – деп мәлімдеді ведомство.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде 2,2 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Оның ішінде 617 мыңнан астам ірі қара мал, 1,15 миллион ұсақ мал, 413 мың жылқы және 23 мыңнан астам түйе бар.
2026 жылы аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында жануарлар мен құстарға инфекциялардың 12 түріне қарсы вакцина егу жоспарланып отыр. Барлығы 9,1 миллионнан астам доза вакцина салу көзделген. Сонымен қатар, бруцеллез ауруына қарсы 800 мыңнан астам ірі қара мал мен 1,4 миллионнан астам ұсақ мал тексеріледі.
Облыс әкімі Асхат Шахаров әкімдікте өткен кеңесте профилактикалық шараларды күшейтуді, вакцинациямен толық қамтуды және биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Сурет: ашық ақпарат көзінен алынды












































