«Eurasia Agro Semey» ет комбинатының жанынан зәкірлік кооперацияны дамыту мақсатында Ақсуат ауданы аумағындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді аралау және жүйелі кездесулер ұйымдастырылды, деп хабарлады Абай облысы Ауыл шаруашлығы басқармасының баспасөз қызметі. Іс-шараларға басқарманың мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің басшысы Қуаныш Дулат және ет комбинатының атқарушы директоры Серғазы Исембаев қатысып, шаруалармен өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Кездесулер барысында өңірдегі мал шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру, өндірілген өнімді тиімді өткізу, қайта өңдеу бағыттарын дамыту және тұрақты өткізу тізбегін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға жаңа кәсіпорынмен тікелей кооперациялық байланыс орнатудың артықшылықтары түсіндірілді», — делінген Ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан ақпаратта.

Мамандардың мәліметінше, зәкірлік кооперация механизмі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнім өткізу нарығын кеңейтуге, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, бордақылау инфрақұрылымын дамытуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жем-шөп базасын нығайту, ветеринариялық қызмет көрсету, селекциялық жұмыстарды жетілдіру және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарында да жүйелі қолдау шаралары қарастырылған.
Айта кету қажет, «Eurasia Agro Semey» ет комбинатын биыл төртінші тоқсанда іске қосу жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 11,4 мың тонна. Сонымен қатар, өндіріс орнында тәулігіне 1 000 басқа дейін ұсақ мал сою мүмкіндігі қарастырылған. Заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын өңірдегі ет өңдеу саласының дамуына серпін беріп, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.
Сурет: Ауыл шаруашылығы басқармасы













































