Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жеміс-көкөніс өнімдерін терең өңдеуге арналған жаңа технологияны әзірледі, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл технология табиғи тікелей сығылған шырындар, джемдер мен жоғары функционалдық қасиеттері бар пюре өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.
Аталған әзірлеме Қазақстандағы жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу саласына тың серпін береді. Елде жыл сайын 3,5 млн тонна өнім өндірілгенімен, оның тек 5%-ы ғана өнеркәсіптік өңдеуден өтеді. Ал сақтау шығындары 30%-дан асады. Нәтижесінде консервіленген өнімдер нарығындағы импорттың үлесі 80–85%-ға дейін жетіп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты — отандық функционалдық өнімдерді әзірлеу және ресурсты үнемдейтін, қалдықсыз технологияларды енгізу арқылы табиғи шырындар ассортиментін кеңейту.
Әзірлеменің ғылыми жаңалығы — қызылша, сәбіз және алма шырындары негізінде пектин қосылған оңтайлы купаждалған рецептураларды жасау. Технология жергілікті шикізатты терең өңдеуге бағытталып, оның биологиялық құндылығын – антиоксиданттар, дәрумендер мен тағамдық талшықтарды барынша сақтайды.
Термоөңдеу мен гомогенизация процестерін оңтайландыру технологиялық шығындарды азайтып, дайын өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Алынған өнімдер профилактикалық қасиеттерге ие және жүрек-қан тамырлары аурулары мен зат алмасу бұзылыстары бар адамдарға пайдалы болуы ықтимал.
Аталған технологияны агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарында, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде енгізу импортқа тәуелділікті едәуір төмендетіп, дұрыс тамақтану өнімдері нарығындағы сұранысқа ие жаңа сегментті дамытуға жол ашады.
Сурет: АШМ














































