Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округінде «Ұлы Дала-2017» ауыл шаруашылығы кооперативі қарқынды бақ салу жобасын жүзеге асыруда. 30 гектарға шабдалы, шие және жүзім көшеттері отырғызылады. Жобаның жалпы құны 131 млн теңге. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаруашылықты дамыту үшін әкімдік 30 гектар жер телімін тоғыз жыл он ай мерзімге жалға берді. Жоспарға сәйкес 25 гектар шабдалы, үш гектар шие және екі гектар элиталық жүзім сұрыптарын өсіруге пайдаланылады. Алғашқы екі гектарға шабдалы көшеттері отырғызылды.
Бүкіл аумақ тамшылатып суару жүйесімен толық қамтылады. Ол үшін трансформатор орнатылып, су жинауға арналған бассейн дайындалған.
«Біз Түркия мен Қытайдан сапалы көшеттер сатып аламыз. Жақын арада сапалы өнім алу үшін және ішкі нарықты жемістермен қамтамасыз ету үшін тамшылатып суару жүйесін толығымен іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді кооператив төрағасы Нұржан Омаров.
Сурет: аудан әкімдігі
















































