Қазақстанда ара шаруашылығы қарқынды дамып, ауыл шаруашылығы саласының табысты әрі стратегиялық маңызы зор бағыттарының біріне айналып келеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр балды шетелге шығару көлемі 2,5 есеге артқан. Отандық өнімге сұраныс жоғарылап, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейген.
2025-жылдың қорытындысы бойынша шетелге 1 477 тонна бал жеткізілді. 2024-жылы бұл көрсеткіш 603 тонна болған. Негізгі бағыт – Өзбекстан, оған 1 264 тонна немесе жалпы көлемнің 85,6 пайызы тиесілі. Сонымен қатар отандық бал Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, Ресей және Америка Құрама Штаттарына шығарылды. Алғаш рет Оман еліне де өнім жеткізілді.
Балдың сырттан жеткізу едәуір азайған. Бұл ішкі өндірістің артқанын және отандық өндірушілердің нарықтағы орны нығайғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында 241 мың ара ұясы бар.
Жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі. Соның 46,5 пайызы немесе 2,3 мың тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарда, ал 54 пайызы немесе 2,7 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан өндіріледі.
Бал өндірісінің шығынын азайту мақсатында өткізілген әр келіге 200 теңге көлемінде мемлекеттік қаржылай қолдау қарастырылған.
Сурет: Agrotrend.kz
















































