ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде ірі қара малды тәркілеу мен жою туралы таралған бейнематериалдардың Қазақстанға қатысы жоқ екенін хабарлады.
“Ел аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын тәркілеу немесе мәжбүрлі түрде жоюға қатысты кез келген іс-шаралар қолданыстағы заңнамаларды қатаң сақтай отырып — тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының шешімі негізінде және жергілікті атқарушы органдардың міндетті түрде шектеу шараларын енгізуімен жүргізіледі. Бұндай іс-шаралар туындаған жағдайда тек республикалық эпизоотияға қарсы отряды тарапынан жүзеге асырылады”, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларын тәркілеу және жою жөнінде нұсқамалар қабылданбаған.
“Қазіргі уақытта Қазақстанда шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын тәркілеу және жою жөнінде нұсқамалар қабылданған жоқ. Тек ресми мәліметтерге сенуді және халық арасында негізсіз алаңдаушылық тудыратын тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз” – деді министрліктің баспасөз қызметі.
















































