Қостанай облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы 2026-жылға арналған ауыл шаруашылығын субсидиялау көлемін негізгі бағыттар бойынша жариялады, деп хабарлады eldala.kz.
Мал шаруашылығын асылдандыруға 2026 жылы өңірде 10,7 млрд теңгеден астам субсидия бөлу жоспарланған. Қолдау шаралары асыл тұқымды жас малды, ұрықты немесе бір тәуліктік балапандарды сатып алу шығындарын арзандатуға, қолдан ұрықтандыру қызметтерін субсидиялауға, сүт пен тауық етін өндіруге кеткен шығындардың бір бөлігін өтеуге, асыл тұқымды ірі және ұсақ мал өсіруге, сондай-ақ қазақстандық тұқымды асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Өтінімдер 20 қаңтардан бастап eGov порталы арқылы ЭЦҚ және ГИСС жүйесінде тіркелу арқылы қабылданады.
Несие және лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға 19,4 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражат фермерлердің бизнесті несиелеуге, сондай-ақ малды, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға арналған лизинг шығындарының бір бөлігін өтеуге жұмсалады.
Өтінімдер 10 қаңтардан бастап eGov.kz порталы арқылы электронды түрде немесе қарыз алушы тіркелген жердегі Мемлекеттік корпорация арқылы қағаз жүзінде қабылданады.
Тұқым шаруашылығын дамытуға 2026-жылы Қостанай облысының дихандарына 3 млрд 613,9 млн теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Элиталық тұқымдарға субсидия егіс алқабының 15%-ына дейін, ал 1-репродукция тұқымдарына 20%-ына дейін төленеді.
Шығындарды өтеу мөлшері:
- оригиналды және элиталық тұқымдарға – 70%,
- 1-репродукция тұқымдары мен гибридтерге – 50%.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста 4 оригинатор, 19 элиталық тұқым шаруашылығы, 32 тұқым шаруашылығы және 24 тұқым сатушы жұмыс істейді. Олар жыл сайын фермерлерді сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп отыр.
Пестицидтер мен биоагенттерге арналған субсидия көлемі 14,5 млрд теңге деңгейінде жоспарланған.
Инвестициялық субсидиялар 2026-жылы 23 млрд 46,9 млн теңге болады. Бұл қаражат жаңа өндірістік қуаттар құруға, қолданыстағы нысандарды жаңғыртуға және кеңейтуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы, машиналар мен жабдықтар сатып алуға бағытталған жобаларды қолдауға арналған.
Өтінімдер 1-ақпаннан бастап eGov порталы арқылы ЭЦҚ және ГИСС жүйесінде тіркелу арқылы қабылданады. Субсидия алу үшін өтініммен бірге нысанды пайдалануға беру актілері, несие немесе лизинг шарттары және банк реквизиттері ұсынылуы тиіс.
Сонымен қатар, фермерлер қарыздарды кепілдендіру және сақтандыру бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Бұл бағытқа өңірде 33,757 млн теңге қарастырылған.
Сақтандыру бойынша субсидиялауға өтінімдер 1-ақпаннан бастап eGov порталы арқылы сақтандыру ұйымдары тарапынан беріледі. Бағдарлама фермерлер үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және жеке қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелерді кепілдендіру арқылы несие алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Бұдан бөлек, агробизнесті субсидиялау басымдыққа ие дақылдар өндіру, минералды тыңайтқыштар сатып алу, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарды қолдау бағыттары бойынша да жүзеге асырылады.
Сурет: Agrotrend.kz
















































