Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында жұмыс істейтін «Ақнар» құс фабрикасы өндірістік қуатын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Фабрикада «ақылды» климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған жаңа құс ұстайтын нысан ашылды. Биыл Үштөбе аумағында тағы алты нысан салу жоспарланып отыр. Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін екі есеге арттыруға ниетті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақнар» құс фабрикасы бройлер өндірісіне маманданған. Тауықтар Венгриядан жеткізіліп, ет үшін өсіріледі.
«Құс өсіретін жаңа нысан жылына 300 тонна ет өндіреді. Биыл 10 600 тонна өнім көлеміне шығуды, келесі жылы 12 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал 2027-2029 жылдарға қарай жылына шамамен 17 мың тонна көрсеткішке шығып, өндірісті екі есеге арттырмақпыз. Бұл Қарағанды облысын 100% отандық құс етімен қамтамасыз етеді», — деді «Ақнар» ПФ» ЖШС директоры Виктор Колчев.
Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі














































