Бүгінгі таңда субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығының өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты барлық салада, сондай-ақ қаржы құралдарының бағыты бойынша көрсетіледі.
Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар фермерлерді қаржымен қамтамасыз ету және отандық фермерлердің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы аграрлық секторды қолдауға бағытталған. Фермерлер қаржы құралдарын техникаға, технологияларды жақсартуға және өндіріс шығындарын азайтуға жұмсай алады. Бұл қолдау – азық-түлік нарығының тұрақтылығына ықпал етеді.
Субсидиялау процесі толығымен автоматтандырылған және GOSAGRO.KZ веб-порталында ТЕГІН НЕГІЗДЕ субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығындағы субсидиялар 11 бағытқа бөлінеді:
- Өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау;
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау;
- Ішкі нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін азық-түлік астығын өткізу кезінде АӨК саласындағы ұлттық компанияның шығындарын өтеуді субсидиялау;
- Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау;
- Қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алуға жұмсаған шығындарын субсидиялау;
- Инвестициялық салымдар салғанда АӨК субъектісі шығарған шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған субсидия;
- АӨК субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандыру шеңберіндегі субсидиялау;
- Сақтандыру сыйақыларын субсидиялау;
- АӨК субъектілеріне кредит берген кезде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды лизингке сатып алғанда сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;
- Балық шаруашылығын, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау;
- Балық шаруашылығы субъектісінің инвестициялық салымдарға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау.