Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында биылғы егін жинау жұмыстарының қорытындылары туралы баяндады.
«Биыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық көлемде өнім жиналды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды», — деді Айдарбек Сапаров.
Министр бүгінгі күні республика бойынша астық ору аяқталғанын, 16 млн гектар егіс алқабынан 27,1 млн тонна астық жиналып, қамбаға құйылғанын айтты. Өнім гектарына орташа есеппен 17 центнерден айналған.
Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұған озық агротехнологиялардың тиімділігін ықпал етті.
Министрдің сөзінше 4 млн тоннаға жуық арпа жиналған. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық көлемде 4,3 млн тонна жиналды және әлі де күнбағыс жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды.
Сурет: Agrotrend.kz














































