Бүгін Семейде ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрлерінің орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі, мәслихат депутаттары, облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.
Отырыста сөз сөйлеген аймақ басшысы алқалы жиынның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
«Президентіміз биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Биылғы 9 айда облыстың мал шаруашылығында нақты көлем индексі 105 % деңгейінде қалыптасып отыр. Жаңасемей ауданында құны 7,7 млрд теңгеге ірі ет комбинатының құрылысы жүргізілуде. 2026-жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді деген сенімдеміз. 2028-жылға дейін облысымызда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды іске асыру Жол картасына сәйкес 22 ірі агрожоба іске асырылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар, ауылдарды дамытуға біз әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Облыс құрылған 3 жыл ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 21,2 млрд теңгені құрайтын 191 жоба жүзеге асырылды», — деді облыс әкімі.

Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Абай облысының ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін айтты.
«Өңірдің ауыл шаруашылығында тұрақты өсу байқалады. Тоғыз айда 339,5 млрд теңгеге өнім өндірілді. Ет кластерін, сүт фермаларын құруды, құс шаруашылығы мен суаруды дамытуды қамтитын АӨК-ні 2028-жылға дейін дамыту моделі әзірленді. Дегенмен, қазіргі таңда облыстың агроөнеркәсіп кешенінде шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігі басқа өңірмен салыстырғанда төмен және суармалы жерлердің үлесі жеткіліксіз. Ауылдық инфрақұрылымның дамуы мен жол, байланыс, интернет желісінің қолжетімділігі де өңірдің бәсекеге қабілеттілігін тежеп отыр. Осы мәселелерді талқылап, тиісті шешімін табу үшін бүгін біз барлық мүдделі тараптарды – Парламент депутаттарын, Орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерін, сарапшыларды, фермерлер мен қайта өңдеуші кәсіпкерлерді бір алаңда жинадық», — деді Ә.Бектаев.

Отырыста өңірдің ауыл шаруашылығы саласы, ауылдардың жағдайы мен даму әлеуеті талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, және облыстың жетекші шаруа қожалықтарының басшылары баяндама жасады. Көшпелі отырыста айтылған ұсыныстар мен шешімдер жинақталып, Үкіметке жолданады.
Сурет: облыс әкімдігі












































