Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы қаралды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөнінде сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов пен Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алмас Тоқсанбаев баяндады.
«Облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025-жылға жоспарланған 170 мың гектар жердің 151 мың гектардан астамы қайтарылды. Жалпы облыс бойынша 423 жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті. Оның 129,8 мың гектары жайылым, 13,4 мың гектары егістік және 8,7 мың гектары өзге мақсаттағы жерлер», — деп атап өтті Алмас Тоқсанбаев.
Президент тапсырмасына сәйкес 2026-жылдың ортасына дейін мемлекет меншігіне қайтарылған барлық жерлер толық айналымға енгізілуі тиіс. Облыс бойынша бүгінде 587,3 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген.
Аймақ басшысы жиында аудан әкімдеріне пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмысты жандандырып, жылдық жоспарды толық орындап, жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарларын белгіленген мерзімде әзірлеп, бекітуді тапсырды. Облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2026-жылдың 1-ші шілдесіне дейін 481,5 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізуді міндеттеді.
Сурет: облыс әкімдігі














































