Мәжілісте «Ауыл» партиясы депутаттық фракциясының басшысы, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен аталған комитеттің кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады «Ауыл» партиясының баспасөз қызметі.
Жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау қатыстқан. Жиын аясында қызу талқыланған өзекті мәселе – 2025 жылғы егінді сақтау мен өткізу барысы болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша егіс алқаптарының 78% орылып, 19,2 млн тонна астық жиналған. Орташа өнім гектарына 15,4 центнерден айналып отыр. Сондай-ақ, 1,1 млн тонна майлы дақыл қамбаға құйылып, 2,3 млн тонна картоп, 3,2 млн тонна көкөніс және 2,3 млн тонна бақша өнімі жиналған. Министрлік дерегіне сүйенсек, жаңа өнімді сақтауға элеваторлардың мүмкіндігі жеткілікті. Өйткені, олардың жалпы сыйымдылығы – 30,7 млн тонна, ал қазіргі таңда олар 30% ғана толтырылған.
«Дегенмен, депутаттар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының берген құрғақ ақпаратына қанағаттанбады. Тақырып талқысы өткір пікірталасқа ұласты. Мәжілісмендер шаруалардың жанайқайын жеткізіп, басты түйткіл – астықты сатып алу бағасы әлі күнге белгіленбеуінде екенін ашық айтты. Бейнебайланыс арқылы жиынға қатысқан аймақтардағы фермерлер трейдерлердің өзара сөз байласу ықтималдығы қаупін алға тартып, аталған мәселеге алаңдаушылық танытты», — делінген «Ауыл» партиясы таратқан ақпаратта.
Талқылау соңында жиын аясында көтерілген барлық өзекті мәселелерді жан-жақты жинақтап, Комитеттің ұсыныстары ретінде Үкіметке жолдау туралы шешім қабылданған.
Сурет: Agrotrend.kz