Қазақстан құс өсірушілер одағы Минскте өткен екінші халықаралық ауыл шаруашылығы форумына қатысты, деп хабарлады одақтың баспасөз қызметі.
Форумға қатысушылар алдында Қазақстан құс өсірушілер Одағының президенті Қайрат Майшев сараптамалық баяндама жасап, еліміздің құс шаруашылығы саласын дамытудың негізгі жетістіктері мен басымдықтарын ұсынды.
«Спикер Қазақстандағы құс шаруашылығы өнімдерінің нарығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екенін айтты. Екі жыл ішінде елімізде жалпы қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 жаңа құс фабрикасы пайдалануға берілген. Бұл құс етінің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін 67%-дан жоғары мәнге дейін арттыруға мүмкіндік берді«, — делінген Қазақстан құс өсірушілер Одағы таратқан ақпаратта.
2024 жылы құс өндіру көлемі 360 мың тоннаны құраған, оның 97%-ы өнеркәсіптік негізде өндіріліпті. Елдегі ет өндірісінің жалпы көлеміндегі құс етінің үлес салмағы 30%-дан асты, ал 2000 жылы ол небәрі 5,3% болған. Соңғы 20 жылда құс етін тұтыну көлемі 8 еседен асқан. Өткен жылы Қазақстанда 4 478,1 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілген.