Абай облысының Мақаншы ауылында жалпы құны 7 млрд теңге болатын құрама жем өндіру зауыты салынып жатыр. Инвестициялық жобаның қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жасаған іссапарында арнайы барып, зауыт құрылысының барысымен танысты. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр. Зауыт жылына 1000 тонна құрама жем, 1000 тонна бидай өңдеу, 1000 тонна күнбағыс дәнін тазалау, 300 тонна майлы дақылдар өңдеу және 300 тонна май өндіретін болады. Кәсіпорында 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістен тазартылған күнбағыс майы және өзге де өнімдер шығарылып, ауыл шаруашылығы мен аудан экономикасының дамуына тың серпін бермек.

«DI-NUR» ЖШС директоры Серік Рамбаев облыс әкіміне зауыт қуаттылығын арттыру үшін қосымша электр энергиясы қажет екенін айтып, осы мәселені шешуге көмектесуді сұрады.
Аймақ басшысы аталған жобаның аудан экономикасы үшін маңызды екенін айтты.
«Бұл зауыт іске қосылғанда өңірде мал шаруашылығы өнімділігін арттыруға, аграрлық саланың дамуына тың серпін береді. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жобаның жүзеге асуы үшін әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Электр энергиясы мәселесін шешуді Энергетика басқармасына тапсырамын», — деді аймақ басшысы.
Мақаншы ауданында жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жоспарланған. Аталған жобалар ауданда ауыл шаруашылығының дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек. Бұдан бөлек ауданда жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Қосымша 228 жаңа жұмыс орыны ашылады.
Сурет: облыс әкімдігі