Абай облысының шеткері аудандарының бірі Мақаншының ауыл шаруашылығы саласындағы үлесі зор. Ауданның егіс алқабы 64,5 мың гектар. Биыл жергілікті шаруаларға «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 393 млн теңге несие беріліп, техника паркі 9 жаңа техникамен толыққан. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәлидің аудан тұрғындарымен кездесу жиынында айтылды.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
«Биыл 8 айда облыс экономикасында оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Көлік саласында 122,5%, құрылыста 120,8%, ішкі саудада 107,4%, ауыл шаруашылығында 102,9%, өңдеу өнеркәсібінде 101,2% өсім қамтамасыз етілді», — делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 21 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жоба жоспарланған. Аталған жобалар саланың дамуына, жұмыс орындарының ашылуына және өндіріс көлемінің артуына ықпал етпек. Бұдан бөлек жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар іске қосылғанда 228 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Сурет: облыс әкімдігі