Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында 26–27 шілде күндері агроөнеркәсіп кешені саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі – «AGROFEST – 2025» фестивалі болады. Төртінші рет өтетін фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен жетекші агроиндустрия өкілдерін жинайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фестивальге Қазақстанның өңірлерінен және Ресейдің шекаралас аймақтарынан 8 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылар AGROFEST мәртебесін ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды іс-шаралардың бірі ретінде тағы да дәлелдейтін ауқымды іскерлік және мәдени бағдарлама әзірлеп отыр.
«AGROFEST – 2025» – жай ғана фестиваль емес. Бұл – мемлекет, бизнес, ғылым және ауыл тұрғындары арасындағы диалогқа арналған бірегей алаң. Қатысушылар экономика, аграрлық саясат және орнықты даму мәселелеріне арналған панельдік пікірталастар мен секциялық сессияларға қатысып, егіншілік пен мал шаруашылығындағы заманауи технологиялар саласында тәжірибе алмасады. Сондай-ақ агробизнестің үздік өкілдері, ғалымдар, сарапшылар және техника өндірушілері АӨК-дегі трендтер мен сын-қатерлерді талқылайды.
Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша чемпионат ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы техникасының операторлары, дәнекерлеушілер мен қасапшылар өз шеберлігін көрсетеді.
Іс-шарада Батыс Қазақстан облысында шығарылған «Ақбас» ірі қара малының тұқымы бойынша чемпионат болмақ. Қонақтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі фермерлік шаруашылықтардан әкелінген осы бірегей тұқымның ең үздіктерін тамашалай алады.
Сондай-ақ көкпар, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен AgroSound музыкалық фестивалі, ұлттық ойындар, қолөнер ауласы және ұлттық стильдегі сән көрсетілімі ұйымдастырылады.
Фестиваль қонақтары үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлік шаруашылықтардың жетістіктері, технологиялары және өнімдері ұсынылатын кең көрме аймақтары жұмыс істейді. Мұнда АӨК-тегі жаңа өнімдермен танысып қана қоймай, іскерлік байланыстар орнатуға да болады.