Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі майлы дақыл өсіретін және өндіретін жетекші агрокәсіпорындар шоғырланған өңір. Жері жазық болмағанмен, тау бөктерлерін егіс алқабына айналдырған аймақ. Топырағы құнарлы, азаматтары еңбекқор. Табиғаты көз тартатын өңір жаз ортасында тіпті түрлене түседі. Себебі, майлы дақылдар гүлдеген кезде егін еккен жерлер қолмен бояғандай ерекше қызықтырады.
Осы жолғы шығысқа сапарымызда Глубокое ауданындағы дәнді, бұршақты және майлы дақылдар егумен айналысатын «КОЛОС АГРО» ЖШС-нің егіс алқабын араладық. Біз тоқтаған жер күнбағысы жайқалған аумақ екен. Жотадан төмен құлдилай егілген майлы дақыл алқабы жайған кілемдей жайқалып тұр. Шаруашылық басшысы Тимур Виситаев осы төңіректегі ірі кәсіпкерлердің бірі екен. Мауысымдық кезеңде 140 адамды жұмыспен қамтиды. Замануи техникаларын сайлап алған. Еккен дақылдары да элиталы тұқым. Қандай ауқатты агроқұрылым болғанымен мемлекеттің қолдауына жүгінбеске болмайды. Биыл көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін Аграрлық несие корпорациясынан «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы несие рәсімдепті. Компания ол қаржыны 900 гектарға бидай, 374 гектарға күнбағыс егуге пайдаланған. Тіпті несие сомасының 85 пайызына «Даму» қорының кепілдігін алса, қалған 15 пайызына жеке мүлкін қойған көрінеді. Нақты айтқанда, ол қаржыға ерте көктемде тұқым, тыңайтқыш және дизель отынын сатып алған.
«Аграрлық несие корпорациясының облыстағы филиалына өтінім бердік. Көп уақыт өтпей өтініміміз мақұлданды. Қажет қаржыны алып, егін егу жұмыстарын жүргізуге жұмсадық. Несие жеңілдетілген бес пайызбен берілді, кепілдік мәселесін де шештік. «Даму» қоры алған қаражатымыздың 85 пайызына кепілдік берді. Қалған сомаға өзіміздің мүлігімізді кепілге қойдық. Бұл қолдау көктемде егінімізді дәл уақытында егіп алуымызға мол мүмкіндік берді», — дейді «КОЛОС АГРО» ЖШС директоры Тимур Виситаев.
Осыдан кейін «Өскемен май зауыты» ЖШС-нің жұмысымен таныстық. Зауыт жылына 30 мың тонна күнбағыс дәнін өңдеп, одан 12 мың тонна дайын өнім шығарады екен. Компания тазартылған күнбағыс майын өндіруде еліміз бойынша алдыңғы орында келеді. Зауыт озық технологияларымен жабдықталған, бәсекеге қабілетті және сапалы өнім шығарғанның арқасында кеңінен танымал болған. Бұл зауыт та қаржылай қолдауға ие болыпты. Атап айтқанда, Аграрлық несие корпорациясынан «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, ол қаржыға Ұлан, Катонқарағай, Көкпекті, Глубокое аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен күнбағыс дәнін сатып алған.
«Зауыттың айналым қаражатын толықтыру үшін Аграрлық несие корпорациясынан «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы 5 пайызбен несие алдық. Ол қаржыны шикізат сатып алуға жұмсадық. «Даму» қорының 85 пайыз кепілдігін алдық. Қалған 15 пайызына өз кепілдігімізді қойдық. Осы қолдаудың арқасында зауыттың өндіріс көлемін арттырдық, өнімдеріміңзді экспортқа шығаратындай мүмкіндікке ие болдық», — деді «Өскемен май зауыты» ЖШС директорының орынбасары Рахат Келдіғұлов.
Зауыт үзіліссіз он бір ай жұмыс істейді екен. Тек бір ай ғана құрал-жабдықтары мен техникаларын жөндеп, майлап алуға тоқтатады. Өнімдерін ішкі нарыққа да, экспортқа да шығарады. Сапалы өнімге сұраныс та жоғары.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО филиалының директоры Гүлнұр Солтанбаеваның айтуынша, бүгінгі таңда «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 80-нен астам фермерге 14 млрд теңгенің үстінде несие қаржысы берілген. Қазіргі уақтта күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін егін еккен фермерлерден өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Ол қаржыға дизель отынын, қосалқы бөлшектер сатып алуға, астықты тасымалдау, сақтау шығындарын жабуға болады. Жұмысшылардың еңбекақысын төлеулеріне де мүмкіндіктері бар.
Сурет: Agrotrendkz