Жетісу облысының фермерлері егінге үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып, шағымданды. Егіс алқаптарында кеміргіштер қаптап кеткен. Ескелді, Ақсу және Қаратал аудандарының кәсіпкерлері «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына зиянкестер санының өсуіне байланысты шағымданған. Бұл мәселе АӨК және тамақ өнеркәсібі кеңесінің отырысында қаралды, деп хабарлады atameken.kz.
Фермерлердің айтуынша, жағдай күрделі бола түсуде. Кеміргіштер дақылдарды, әсіресе дәнді және жем-шөп дақылдары бар жерлерге орасан зиян келтіріп жатқан көрінеді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер уәкілетті органдарды шұғыл шара қабылдауға шақырды. Егін ғана емес, мал шаруашылығына арналған жем-шөп базасы да зардап шегуі мүмкін. Облыстың Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Ветеринария басқармасына және облыстың аумақтық инспекциясына тиісті ұсынымдар жолдады.
Сондай-ақ кеңесте басым дақылдар — соя, жүгері және қант қызылшасы бойынша қабылдау пункттерінің уақтылы және үйлесімді жұмыс істеу мәселесі қаралды. Қатысушылар өткен жылы фермерлер күрделі проблемаға тап болғанын еске салды. Бұл тамырлы дақылдардың бұзылуына және нәтижесінде едәуір шығынға әкеп соғатыны айтылды.
Кеңес мүшелері егінді сақтау және аймақ агросекторының тұрақты дамуы үшін күш біріктіру қажет деген пікірге келді. Проблемаларды уақтылы шешу, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді қарым-қатынас – егін жинау маусымының табысты атқарылуы мен қайта өңдеу саласының тұрақты жұмысының негізгі шарттары екені айтылды.
Сурет: atameken.kz