«Тауарлы несие» бағдарламасын қабылдап, іске асыру қажет. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
«Бізге шекаралық аудандардан ауыл шаруашылығын қолдау, дамыту мәселелері бойынша азаматтар жиі хабарласады. ШҚО, Абай, Жетісу облыстарының шекаралық аудандардың фермерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген ауыл шаруашылығына «тауар несиесі» жөнінде өтініш білдірді. Бүгінгі күні Үкімет Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Тауарлы несие» туралы бағдарлама әзірлемеген», — деді депутат.
Осы орайда ол ауыл шаруашылығын несиелеуге қатысты төмендегідей проблемаларды атады:
— пайыздық үстемесі мен төлем кестесінің қолайлығынан басқа көптеген жасырын талаптардың болуы;
— кепілге қойылатын талаптардың жоғарылығы (ауылдағы үйлермен қора-қопсылардың кепілге алынбауы немесе төмен бағалануы);
— мемлекет тарапынан субсидияланатын пайыздық үстемелердің бюджет тапшылығына байланысты шаруалардың өздеріне төлеттірілуі;
«Айталық, еліміздегі екінші деңгейлі банктер үшін несие беру бұл табыс көзі болса, мемлекеттің беретін жеңілдетілген несиелерінің негізгі мақсаты — бұл белгілі бір саланың дамуына, аяғынан тұруына ықпал ету. Үкімет экономиканың нақты секторын ауқымды қаржыландыруға кірісетіндігі туралы жариялады. 2025-жылы «Даму» қоры 1,7 трлн теңгені құрайтын ШОБ-тың кемінде 30 мың жобасына қолдау көрсететіндігін айтқанымен нақты қаржыландыру бағдарламалары айқындалмаған. «AMANAT» фракциясы бұл бағдарламалар шекаралық аудандар фермерлеріне де қолжетімді болуы қажет деп есептейді. Үкімет даму институттарының қаржыландыру көздерін шекаралық аудандардың фермерлеріне қол жетімділігін қамтамасыз етуі қажет. Бұл — 3,4 млн адам тұратын 65 ауданның халқының тағдыры, — деді Ерлан Саиров.
Сондықтан депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүйелі іске асыру, ауыл экономикасына бағытталатын шағын несиелер көлемі мен санын, қолжетімділігін ұлғайту мақсатында «Тауарлы несие» бағдарламасын қабылдау, іске асыру қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттігін айтқан еді.