Мал шаруашылығымен айналысатындар мемлекеттік қолдау негізінде субсидияланатын 80% мөлшеріндегі сақтандыруды жылдың кез келген мезгілінде жасай алады. Ерікті сақтандыру жүйесі арқылы фермерлер сиырларын, қойларын, жылқыларын, құстарын сақтандыруларына болады.
Сақтандыруды Kezekte.kz онлайн-платформасының Agroinsurance сервисі арқылы іске асыруға мүмкіндік бар.
Шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемдерін алуға дейінгі барлық қадамдар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн режимінде жүргізіледі.
Мал мен құстарды жұқпалы және аса қауіпті аурулардан, жазатайым оқиғалардан, қауіпті табиғи құбылыстардан, оның ішінде су тасқынынан, табиғи апаттардан, өрттен және ұрлықтан сақтандыруға болады.
Сақтандыру тарифінің мөлшері сақтандырылған мал мен құстардың санына, сақтандыру аумағына байланысты және сақтандыру заты құнының 1,54%-нан 9,85%-на дейінгі аралықты қамтиды.
Сақтандырудың негізгі шарты бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде сәйкестендіру жүйесінде тіркеуде болуы керек.
Биыл 90 фермер мал шаруашылығындағы сақтандыруды пайдаланды. 34 мың бас мал мен 2 миллионнан астам құс сақтандырылды. Фермерлердің сақтандыруға жұмсаған шығындары небәрі 65 млн теңге болды. Қалған сақтандыру сыйақысының басым бөлігі – 255 млн теңгені (80%) мемлекет субсидиялады.