2025-жылдың 28-қаңтарынан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге картоп шығаруға тыйым салынды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта көршілес елдер тарапынан қазақстандық картопқа сұраныс жоғары. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 605 мың тоннаға жуық картоп экспортталған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен (411 мың тонна) 1,5 есе артық. Бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы рекордтық деңгейге жетіп, ішкі нарықтағы бағаларға едәуір әсер еткен.
Осыған байланысты нарықтағы жағдайды тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу үшін 2025-жылдың 18-қаңтарында өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан барлық көлік түрлерімен картопты үшінші елдерге экспорттауға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқаларына 6 ай мерзімге шектеу енгізілді.
Ведомствоаралық комиссияның шешімі негізінде 2025-жылдың 27- қаңтарындағы №26 ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Қазақстан Республикасының аумағынан картопты экспорттау мәселелері туралы» бұйрығымен үшінші елдерге барлық көлік түрлерімен картопты шығаруға тыйым салынды.
Бұйрықтың толық мәтінімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: http://zan.gov.kz/client/#!/doc/206795/kaz.
Cурет: Agrotrend.kz