Павлодарлық шаруалар үшін 2024 жыл табысты болды, деп хабарлады 24.kz. Өңір диқандары миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл, рекордтық көрсеткіш. Майлы дақылдар, картоп пен көкөніс, бақша дақылдарының да түсімі жоғары. Диқан қауымының алдында, енді астықты ысырапсыз сақтап, өткізу міндеті тұр. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай өткен салтанатты жиында сала үздіктері марапатталды. Аграрлық салада ауыз толтырып айтар жетістік көп. Қамбаға миллион тоннадан астам астық құйылды. Жалпы ел көлемінде өндірілген қарақұмықтың жартысын павлодарлық шаруалар өсірген. Сонымен қатар сәбіздің 40 проценті, ал картоптың 30 проценті жергілікті өнім өндірушілердің еңбегі. Облыс ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жағынан да көш бастады.
«Нақты бір көрсеткіштерге келетін болсақ, біріншісі ауылшаруашылығына инвестиция көлемі бойынша біз бірінші орындамыз мемлекетте. 200 миллиардқа жуық инвестиция тартылды ауыл шаруашылығына. Оның үстіне айтып кететіні 500 жаңа жұмыс орыны ашылды», — деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Жаңадан тауарлы сүт фермалары ашылды. Диірмен, наубайханалар мен ет, сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар саны артты. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне орай саланың ардагерлері, үздік шаруашылық басшылары, механизаторлар мен мал дәрігерлері марапатталды.
Сурет облыс әкімдігінің ресми сайтынан алынды