Түркістан облысының Жетісай ауданында биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына – мақта, 16,7 мың гектар жерге –бақша, 7,5 мың гектарға –дәндік жүгері, 3,6 мың гектарға – көкөніс, 6,7 мың гектар алқапқа – мал азықтығы дақылдары егілген. Бүгінгі күнде көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған. Бұл туралы Agro-press хабарлады.
Одан бөлек, егістік алқаптарда егілген қауынның алғашқы өнімі пісіп те үлгерген. Соңғы 15 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жеріне қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта еккен. Жылдағы әдеті бойынша биыл да бақша өнімдерін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Сұранысқа сәйкес Ресейге келісінн 400 теңгеден 100 тонна қауынды экспорттап жатыр.
«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл ертелеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жібереміз» дейді шаруа қожалығының төрағасы.
Бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жалдап, күніне 8–12 мың теңге аралығында ақы төлеп отырған Әл-Фараби Анарбайұлы орта есеппен гектарынан 400 центнерден өнім алуды жоспарлауда.
Сурет: Agro-press