Абай облысында ірі ет комбинатының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Заманауи ет комбинаты іске қосылғанда жылына 11 400 тонна ет және ет өнімдері терең өңделетін болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ бұл өндіріс ошағында консервіленген өнімдер, шұжық түрлері, жартылай фабрикаттар мен ет деликатестері әзірленетін болады.
Ағайынды Сайлау және Ерлан Мұқашевтер жетекшілік ететін «Eurasia Agro Semey» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібін дамытуға тың серпін бермек. Жобаның жалпы құны – 7,7 млрд теңге.
Жобаны іске асырушы мердігер компания өкілі құрылыс барысы бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтты.
«Ет комбинаты бір ауысымда 70 бас ірі қара және 700 бас ұсақ мал союға қауқарлы болады. Кәсіпорын құрамында бір ауысымда 3 тонна шұжық және 5 тонна консерв өнімдерін өндіретін цехтардың құрылысы да қарастырылған. Биыл жыл соңына дейін ғимараттың қаңқасын толық аяқтап, төбесін жауып, қабырғаларын сэндвич-панельмен қаптау жоспарланып отыр. Ал зауытты 2026 жылдың тамыз айында толық іске қосу көзделген», – деді бас мердігер, «ADK Group» ЖШС директоры Сағындық Сатыбалды.

Айта кетейік, биыл маусым айында облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы ұйымдастырылып, өңірден шыққан кәсіпкерлерді аймаққа қолдау көрсетуге шақырған болатын. Ағайынды Мұқашевтер сол кезде игі бастамаға алғаш болып ынта білдіріп, туған өлкеге инвестиция салуға дайын екенін жеткізген еді.
Сурет: облыс әкімдігі














































