Мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспарда асыл тұқымды мал басын сатып алуға жеңілдетілген несие беру, малшылардың балаларына білім гранттарын ұсыну және басқа да бірқатар негізгі мәселелер қамтылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
“Мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспарда асыл тұқымды мал басын сатып алуға жеңілдетілген несие беру, малшылардың балаларына білім гранттарын ұсыну, жасанды ұрықтандырудың заманауи технологияларын енгізу және жайылымдық мал шаруашылығын дамыту шаралары көзделген”, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол саладағы шешімін күткен проблемалық мәселелерді де атап өтті.
“Агроөнеркәсіп кешенінде саланың көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар ауылдағы өмір сапасына да әсер етіп отырған бірқатар шешімін күткен мәселелер бар. Көлемді инвестициялар мен үздік агротехнологиялар егіншілік саласында өнімділікті арттыруға мүмкіндік берсе, мал шаруашылығы бұл жағынан едәуір артта қалып қойды. Аталған салада өсім 2-3 пайыздан аспайды. Бұл әрине, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету, өңдеуді дамыту, экспорт көлемін арттыру сияқты мәселелерді шешуге мүмкіндік бермейді. Ветеринария, мал шаруашылығын ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету бағытында да мәселелер жеткілікті”, — деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлерге мал шаруашылығымен де айналысу талабы қойылғанын айтты.
Оның мәліметінше, кейбір ірі жер иеленушілер маусымдық кезеңде ғана жұмыс істеп, қалған уақытта ауылда жұмыссыздық белең алады. Сондықтан 10 мың гектардан астам жерді пайдаланып отырған кәсіпкерлерге міндетті түрде мал шаруашылығын жүргізу талаптары қойылды. Орындамаған жағдайда, тиісті шаралар қабылданады, оның ішінде жерді қайтарып алу тетіктері де бар.
Сурет: Ақорда
















































