Абай облысына іссапармен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов аймақтағы индустриялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалу барысын тексерді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Атап айтқанда, «Агролидер KAZ» ЖШС аумағында бұршақ және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, дайын өнімді сертификаттау зертханасын, өндірістік цехтар мен технологиялық желілерді қарап шықты. Кәсіпорынның қуаты жылына 72 мың тонна шикізатты өңдеуге, тәулігіне 160 тонна дайын өнімді шығаруға жетеді.
«Агролидер KAZ» ЖШС-нің бас директоры Николай Ушаковтың мәліметінше, зауытты жарақтандыру кезінде Түркия мен Италияның заманауи технологиялық шешімдері қолданылған. Қазіргі уақытта кәсіпорында өнімнің 10-нан астам түрі өндіріледі. Өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, сондай-ақ Еуропа, Азия және Латын Америкасы елдеріне экспортталады. Компания фермерлік шаруашылықтармен сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту бағытында жұмыс жүргізуде. Жобаға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орны ашылған.
Премьер-министр зауыттың іске қосылуы агроөнеркәсіп кешендегі қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыру жөніндегі Президент қойған міндеттерге толық сәйкес келетінін айтты.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, шикізатты сақтау және өңдеу қуаттарын ұлғайту, сондай-ақ сыртқы нарықтарға өткізуге қолдау көрсету қажеттілігін әрдайым атап өтуде. АӨК өнімдерінің қайта өңделген үлесін 70%-ға дейін арттыру – біздің алдымызда тұрған басым міндеттердің бірі. “Агролидер” кәсіпорны – Абай облысы үшін агроөнеркәсіп кешені саласындағы стратегиялық жоба. Кәсіпорын өңірлік деңгейде аталған тапсырмалардың жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр сондай-ақ «Qazaq-Astyq Group» ЖШС-нің толық циклді май экстракциялау зауытында болды. Зауыт рафинадталмаған күнбағыс майын, ұн, шрот, фосфатиді бар концентрат және күнбағыс дәнінің түйіршіктелген қабығын шығарады. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна шикізатты қайта өңдеуге жететін жобалық қуатына шықты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 112 мың тонна рафинатталмаған май, 96,6 мың тонна шрот, 11,3 мың тонна түйіршік қабық және 622 тонна фосфатиді бар концентрат өндірілді. Экспорқа 112,7 мың тонна май және 88,9 мың тонна шрот шығарылды. Кәсіпорында 414 адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жобаның екінші кезеңі, яғни, тәулігіне 200 тонна күнбағыс майын рафинаттап, бөліп құюға жететін өндіріс орынының құрылысы жүруде. Оны пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған, 111 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Сурет: облыс әкімдігі













































