Шанхайда өткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркияның ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклымен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Кездесуде агроөнеркәсіп саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты сауданы дамытуға назар аударылды.
Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік – екі ел үшін де басым бағыттардың бірі деді.
«Екі ел мемлекет басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. АӨК саласындағы өзара тиімді серіктестікті арттыру туралы ел басшыларының келісімі біздің жұмысымызға айқын бағдар беріп отыр. 2025- жылдың алғашқы сегіз айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2,9%-ға өсіп, 186,7 миллион АҚШ долларына жетті. Қазақстан Түркияға негізінен бұршақ тұқымдас дақылдар, мақта талшығы, кебек және зығыр тұқымын жеткізеді. Қазір біз тауар түрлерін кеңейту және жеткізу көлемін ұлғайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деді А.Сапаров.
Кездесуде сиыр етін Түркия нарығына шығаруға айрықша көңіл бөлінді. Біздің елдің сиыр еті Түркияда жоғары сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстан кәсіпорындары жылына 10 мың тоннадан астам сиыр етін экспорттауға дайын.
Сонымен қатар, Қазақстан жоғары сапалы қатты бидайдың (дурум және hi-pro сорттары) эксклюзивті жеткізушісі болуға әзір екенін білдірді. Логистиканы жеңілдету мақсатында Бакин терминалы базасында «астық хабын» құру ұсынылды.
Өз кезегінде Ибрахим Юмаклы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында сенімді серіктес ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтіп, ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Сонымен бірге тараптар жаңа экспорттық бағыттарды ашу үшін қажет ветеринариялық және фитосанитарлық рәсімдерді жеделдетудің маңыздылығына тоқталды. Бұл, әсіресе, қазақстандық сиыр еті мен өзге де өнім түрлерін сыртқы нарыққа шығаруға жол ашады.
Сурет: АШМ














































