Түркістан өңіріндегі «Turan» арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма өнімдерін өндіретін мақта агроөнеркәсіптік кешені пайдалануға берілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Жіп иіру және мата өндіруге маманданған «Түркістан тоқыма» ЖШС (Kazakhstan Lihua) ірі өндірістік нысаны өз жұмысын бастады. Бұл жобаның іске асырылуы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.
Жаңа кешен жоғары қосылған құны бар заманауи тоқыма саласын қалыптастыруға, сондай-ақ шикізатты ел ішінде терең өңдеуді дамытуға бағытталған.
Жобаның жалпы құны 86,2 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2024-жылы басталып, биыл өндірістің алғашқы кезеңі іске қосылды.
2026-жылдың желтоқсанына дейін жобаның тағы үш кезеңін аяқтау жоспарланған.
Жоба толық қуатына көшкеннен кейін кешен жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығын және 4 млн көрпе шығарады.
Сурет: АШМ














































