Қазақстанда бау-бақша шаруашылығын, отандық алма өндірісін дамыту үшін субсидиялар, жеңілдетілген кредиттер беру жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары іске асып жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда алмамен қамтамасыз ету 62,9%-дан (2019 ж.) 80%-ға (2023 ж.) дейін өсті, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайты.
Дегенмен, фермерлер импорттың салдарынан демпингке ұшырап отыр. Бәсекелестік жоғары болғандықтан импорттық өнім отандық өндірушілердің табысын төмендетеді.
Өнім жиналатын кезеңде алма импорты қатар қабаттасатын болса отандық бағбандар өнімдерін өткізе алмай қиналады. Бұл олардың қаржылық жағдайына кері әсер етеді.
2024-жылдың 7 айында шамамен 107, 3 мың тонна алма импортталған (2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 58% -ға өскен). Негізгі импортталатын алмалар Польша, Иран, Өзбекстан және Қытай елдерінен жеткізіледі.
Осыған байланысты, отандық алма өндірісін қолдау және отандық өнімді өткізуді қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2024-жылдың 31-желтоқсанына дейін үшінші елдерден алма тасымалдауға тыйым салды. Бұл отандық бағбандарға жиналған өнімді сақтауға және оны қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді. Маусымаралық кезеңде алма импорты шектелмейді.
Шектеудің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден алма әкелуге және Қазақстан аумағы арқылы халықаралық алма транзитіне қатысы жоқ. Бұйрық 2024-жылдың 8-қазанында күшіне енді.