Солтүстік Қазақстан облысында 2,972 млн гектар егіс алқабынан жиналған астық көлемі – 6,17 млн тоннаға жетті, орташа өнімділік гектарына – 20,8 центнерден айналды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштеердің бірі. Бұған агротехнологияларды жетілдіру, техниканы жаңғырту және өсімдік шаруашылығында жаңа тәсілдерді қолдану сияқты нақты қадамдар ықпал еткен. Майлы дақылдарды жинау да табысты жүзеге асуда. Бүгінгі таңда 684 мың гектардан 791,3 мың тонна өнім жиналды, орташа өнімділік гектарына 11,6 центнерден айналып отыр.
Сонымен қатар, 8,6 мың гектар жерден 135,9 мың тонна картоп жиналған.
«Аймақта келесі жылдың егін егу маусымына дайындық басталып кетті. Бұл орайда, 2,258 млн гектар жер жыртылып, 366,7 мың тонна тұқым дайындалды, бұл жоспардың 80,7 пайызы», — деді СҚО Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Даурен Токужинов.
Агротехнологияларды жүйелі түрде жетілдіру, мемлекеттік қолдау және өндірістік тәртіпті сақтау – ішкі нарықты қамтамасыз етуге әрі экспорт көлемін арттыруға жол ашуда.
Сурет: Agrotrend.kz














































