2026 жылы Қазақстанда шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығына маманданған 200 шаруашылық құрылады. Бұл туралы Парламент Сенатында өткен отырыс барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 19-қаңтар күні Үкімет мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары жобасын мақұлдаған еді. Депутаттарға сол стратегиялық құжаттың негізгі бағыттары түсіндірілді.
«Министрлік мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Құжатта жеңілдетілген несиелеу, асыл тұқымды мал шаруашылығын және ғылыми қамтамасыз етуді дамыту, мал азығы базаасын нығайту мен ветеринариялық қауіпсіздікті арттыру, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейту, заманауи технологияларды енгізу, өткізу нарықтарын және экспорттық әлеуетті кеңейту жөніндегі ынталандыру шаралары көзделген», — деді Аманғали Бердалин.
Саланы жаңғыртудың негізгі құралдарының бірі – қолжетімді жеңілдетілген кредиттерді енгізу болмақ. Жоғары өнімді мал басын сатып алу үшін жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақмерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Бұл қаржыландыру мал шаруашылығының барлық бағыттарын қамтып, мал басының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Кешенді жоспарда жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мен шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған бірыңғай кредиттік өнім іске қосылады. Ол жайылымдарды суландыруды және мобильді қоныстарды сатып алуды қамтиды. Нәтижесінде 2026-жылы шалғай жайылымдардағы мал шаруашылығына маманданған 200 шаруашылық құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы бағыттары бойынша шектеусіз түрде айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру көзделген. Қаражат жем-шөп, жанармай-жағармай материалдары, ветеринариялық препараттар және басқа да қажеттіліктерді сатып алуға бағытталады. Жалпы қаржыландыру көлемі 104 млрд теңгені құрайды.
Кешенді жоспардың басты міндеттерінің бірі — мал басының өнімділігін арттыру. Осы бағытта қолдан ұрықтандыруды қолдау шараларын кеңейту, оның ішінде іріктелген тұқымды пайдалану, сондай-ақ ірі қара малдың эмбриондық көбею зертханасын құру мәселесін пысықтау қарастырылған.
Саланың кадрлық әлеуетін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар да көзделген. Атап айтқанда, агросыныптарды енгізу, тәжірибеге негізделген оқытуды дамыту, ауылдық жерлерде міндетті түрде жұмыс істеу шартымен үшжақты келісімшарттар бойынша білім беру гранттарына квоталар бөлу, сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасына қойылатын талаптарды күшейту жоспарланған.
Ветеринария саласын нығайту мақсатында мамандардың еңбекақысын арттыру және нормативтік жүктемені төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар ветеринариялық зертханалар мен инфрақұрылымды жаңғырту, импортталатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту жұмыстары жалғасады.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде ірі қара мал саны 12 млн басқа, ұсақ қара мал саны 28 млн басқа дейін өседі деп күтілуде. Сонымен қатар орташа тәуліктік салмақ қосу және бір сиырға шаққандағы орташа сүт өнімі 12 мың кг-ға дейін артады. Ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін өсіп, ет экспорты екі есеге ұлғаяды.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, ірі қара мал саны 2,4%-ға артып, 7,977 млн бастан 8,167 млн басқа жеткен, ал ұсақ мал саны 1,6%-ға өсіп, 20,224 млн бастан 20,551 млн басқа дейін көбейген. Сүт өндірісі 3,8 млн тоннаны құрап, 5%-ға артты, ал ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға өскен.
Сурет: Agrotrend.kz















































