Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Италияға жұмыс сапары аясында Рим қаласындағы бірқатар инвестормен кездесті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Алдымен «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
«Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Қауымдастық құрамында кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Серіктес қажет болған жағдайда, аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар», – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ ол «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды.
Кездесу соңында аймақ басшысы инвесторларды Сыр еліне арнайы іссапармен келуге шақырды.
Cурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен