Аграрлық несие корпорациясы биыл көктемде жаңа «Кең дала 2» бағдарламасын іске қосқан болатын. Бұл бағдарламаның игілігін Қостанай облысының фермерлері де көрді. Көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін аймақтың дихандарына 5%-бен берілетін несие үлкен көмек болды. Мәселен, 10 мың гектар жерге арпа, бидай сұлы егетін «Нұр Тоба» ЖШС аталмыш бағдарлама арқылы несие алып, шаруасын ойдағыдай атқарған. Қазіргі уақытта жиын-терім жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Аграрлық несие корпорациясын шаруаларға тиімді әрі қолжетімді шарттармен қолдау көрсететін жалғыз қаржы ұйымы деуге болады. Қазір үстемесі 5 пайыз болатын «Кең дала-2» бағдарламасы жүріп жатыр. Көңілден шығады. Егінімізді жинап болған соң 2025-жылғы жоспарымызды қарап, құжат тапсырамыз. Егер мұндай бағдарламалар болмаса әрине қиналып қаламыз», — дейді «Нұр Тоба» ЖШС директоры Ермек Жұмабеков.
Қостанай облысының Алтынсарин ауданындағы «Балталы Ltd» ЖШС-де «Кең дала 2» бағдарламасының игілігін көрген. Олар жеңілдікпен берілген несиені тиімді пайдаланып, көктемде егін егу жұмыстарын сәтті жүргізген. Тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектерін де қамдап алған. Қазіргі уақытта егін ору жұмыстары қызу жүріп жатыр. Серіктестіктің агрономы Василий Капистерницкий Аграрлық несие корпорациясының қолдауының арқасында жұмыстары дер кезінде атқарылғанын айтады.
«Биыл да ауа райы аса қолайлы болған жоқ. Соған қарамастан орташа есеппен гектарынан 12 центнерден өнім алып жатырмыз. Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы алған несие қаржының көмегі көп болды», — дейді «Балталы Ltd» ЖШС агрономы.
Айта кетейік, «Байтерек» холдингінің еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясы биыл еліміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін 420 млрд теңгеден астам сомамен қаржыландырған. Оның 320 млрд теңгесі көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына жұмсалған.
Мемлекеттік қолдаудың жаңа маханизміне сәйкес кепіл мүлкі жетпейтін фермерлердің «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алған қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін болды. Сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыру жолдарын ұлғайту арқылы фермерлер үшін ең қолайлы жағдайлар жасады. Несиені Корпорация филиалдарынан, кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) және микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады.